Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ұшақ апатына байланысты көңіл айтты

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ұшақ апатына байланысты көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке, ел халқына, сондай-ақ Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Жеделхатта Мемлекет басшысы Әзербайжан әуе жолдарына тиесілі әуе кемесінің жолаушылары мен экипажы мүшелерінің қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда мемлекеттік комиссия құрылды. Ол ұшақтың құлау себептерін тексерумен және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетумен айналысады. Естеріңізге сала кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ Бакудан Грозныйға ұшып бара жатқан. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Олар Әзербайжан, Ресей, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары. Алдын ала болжам бойынша әуе кемесі құстарға соғылып, басқару құрылғысының бұзылуынан болуы мүмкін.

Серік Жүнісбеков, ТЖ Алдын алу комитетінің төрағасы:


- Астана қаласындағы командалық орталықта және Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінде жедел желі телефондары жұмыс істейді. Оған 296 қоңырау түсті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтылануда. Әзербайжан Республикасының делегациясы Ақтау қаласына жетті.


Белгілі болғандай әуе апатынан 29 адам аман қалған. Оның екеуі - балалар. Олардың барлығы жедел түрде ауруханаларға жеткізілді. Астана мен Ақтау тұрғындары әуе апатынан зардап шеккендер үшін қан тапсырып жатыр. Қазақстан Президентінің тапсырмасымен елордадан Ақтау қаласына санитарлық авиация борты ұшып шықты.


Бекболат Ізбасаров, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:


- Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі. Жедел медициналық көмектің барлық облыстық құрамы жұмылдырылды.

ТЖМ мәліметінше, оқиға орнында 400-ден астам құтқарушы мен 80-ге жуық техника, сондай-ақ 20-дан астам жедел медициналық көмек бригадасы жұмыс істеуде. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды - ол еліміздің Бас прокуратурасының ерекше бақылауында. Республика Үкіметі Әзербайжанмен бірлесе жан-жақты тергеу жүргізуде 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?