Қазақстанда атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді жоспары әзірленеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Ол энергия тапшылығын ескеріп, еліміз ядролық кластер құруды және бірінші атом электр станциясын жедел салуды қажет ететінін атап өтті. Бұдан бөлек болашақ стратегиялық нысан құрылысына қолайлы орынды анықтау үшін талдау жүргізу қажеттігін тілге тиек етті. Нәтижесінде өзімізді электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20% деңгейінде резерв құрылуы тиіс. Бұның қажеттілгін Парламент Мәжілісінің депутаттары да құптап отыр. Халық қалаулыларының пікірінше, мұндай станциялар өндіретін энергия құны тек арзанға түспейді, сондай-ақ басқа да қуат көздеріне қарағанда экологиялық таза. Бұл – елдің ілгерілеуін қамтамасыз ету үшін маңызды міндет.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз Президенттің бастамасын қолдаймыз, АЭС құрылысы Қазақстан үшін жаңа экономикалық қатынастар құруға бағытталған қадам деп санаймыз. Бұл ұсынысты біз стратегиялық тұрғыдан дұрыс деп есептейміз. АЭС болуы тиіс, Президент айтпақшы бұндай бірнеше нысан салу керектігімен де келісеміз. Бізге бүгін арзан қуат көздері қажет. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай ЖІӨ екі еселеу міндетін қойды. Ол үшін елде 15 ірі зауыт бой түзейді. Ал, бұл кәсіпорындардың құрылысы мен оларды пайдалану үшін бізге арзан отандық электр энергиясы қажет. Ал, өкінішке қарай бүгінде біз оны импорттаймыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

