Қасым-Жомарт
Тоқаев пен Эмманюэль
Макрон Франциядағы Елисей сарайында келіссөз
жүргізді. Астана мен Париж арасында
белсенді және сенімді саяси диалог орнаған.
Мемлекет басшысының бұл сапары стратегиялық серіктестікті жаңа белеске көтерері сөзсіз. Екіжақты келіссөздерден
кейін Мемлекет басшылары бұқаралық
ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр екі елдің сауда
айналымы 4,2 миллиард доллар болды. Ал, биыл бұл көрсеткішке 9
айда қол жеткіздік. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Француз
компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 миллиард
долларға жуықтады. Атап айтқанда, Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano,
Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыт компаниялар бар. Мұнай-газ, тау-кен,
өнеркәсіп, құрылыс, авиация, машина жасау, денсаулық сақтау салаларында ықпалдастық
артып келеді.
Қасым-Жомарт
Тоқаевтың айтуынша, тараптар «жасыл» энергетика, сирек кездесетін шикізат,
климат, су шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларына баса мән
береді. Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге
ниетті
француз компанияларына қолайлы
жағдай жасауға әзір. Қазірдің
өзіндке агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, қаржы және туризм бағытында тың
жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бұдан бөлек тараптар ғылым
және технология бағыты бойынша
әріптестікке әркез ашық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы
ашылады. Қазіргі таңда екі тарап «Люмьер» қазақ-француз университет орталығын
құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында
қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл
мектептер жастардың ең жоғары стандартқа сай білім алуына мүмкіндік беретін орталыққа
айналары сөзсіз. Қазақстан Францияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу
орталықтарымен қарым-қатынасты нығайта түсуге дайын.
Қос ел Президенттері стратегиялық серіктестікті
одан әрі жандандыруға бағытталған Бірлескен декларация қабылдады. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Парижге мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациясының мүшелері 36 құжатқа
қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 миллиард долларды құрайтын 1
үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық келісім бар.
Мәншүк Шымырбаева