Қазақстан мен Франция мәдениет саласында бірлескен жобаларды іске асыруда

Қазақстан мен Франция мәдениет саласында бірлескен жобаларды іске асыруда

Қазақстанда ALIPH жаһандық қорымен және Еуропалық Одақпен бірлесіп Мәдени мұраны қорғау бойынша 9 жоба іске асырылуда. Олар Алматыдағы Ұлттық өнер мұражайында көне мүсіндерді қалпына келтіруге, «Bölme» пәнаралық мектебінде сәулетшілерді, өнертанушылар мен дизайнерлерді оқытуға, Қазақстанның Ұлттық кітапханасында қолжазбаларды қалпына келтіру бойынша тренингтер мен музейология форумын өткізуге бағытталған. Осы текті 30-ға тарта жоба Орталық Азияның басқа елдерінде де іске қосылды. Еуроодақ пен Мұраны қорғау жөніндегі халықаралық альянс бұл жобаларды қаржыландыруға 1,5 млн евро бөлді.


Валери Фрелан, ALIPH атқарушы директоры:


- Мен Қазақстанға бірер апта бұрын серіктестерімізбен бірлесіп қолға алынған мәдени мұраны қорғау жөніндегі жобалардың жүзеге асу барысын көруге келдім. Сонымен қатар, біз алдағы апталарда қазақстандық тараппен ынтымақтастық туралы жаңа идеяларды егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз. Қазақстан мен біздің қор мәдени құндылықтарды сақтау бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті.


Сильван Гиоге, Француз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Біздің мәдениет саласындағы ынтымақтастығымыз өте қарқынды дамып келеді. Осыдан екі жыл бұрын, Президент Тоқаев мемлекеттік сапары аясында Францияда болып, археология саласындағы Марғұлан институты мен біздің Inrap арасында өте маңызды келісімге қол қойылды. Қазірдің өзінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Париждегі біздің Помпиду мұражайы мен Алматыдағы қазіргі заманғы өнер мұражайы арасында белсенді байланыс бар. Біз Помпиду мұражайының экспонаттары Алматыда көрсетіледі деп үміттенеміз.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?