Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның кеңейтілген отырысында осындай пікір білдірді. Ол тәуелсіздік жылдары қуатты ұлт, экономикасы өркендеген, тұғыры мығым мемекет құру бірлігі жарасқан ел халқының жемісі екенін айтты. Еліміздегі этносаралық келісімнің бірегей моделі өзгеге үлгі. Оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындады. «Ендігі мақсат – қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу», – дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық, ынтымақ пен теңдік өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қастерлі отанымызда түрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз. Қазіргі заманда сын-қатерлер аз емес. Мұндай жағдайда біз жалпыұлттық бірлігімізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз. Сонда ғана мемлекеттілігімізді нығайтып, жаңа белестерді бағындыра аламыз.
Мемлекет басшысы еліміздегі бірлік пен татулыққа қарсы айтылған бірде-бір сөз жауапсыз қалмауы тиіс деп баса айтты. Этностардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануына қарсы шаралар әзірлеуді ұсынды. Яғни ұлтаралық қатынас тақырыбы төңірегінде зерттеулерді қолға алуды тапсырды. Азаматтық қоғам институттары мен аналар кеңестеріне барынша қолдау көрсетуге шақырды. Бұл орайда белгілі коуч-мотиватор Алтын Каникар елімізде Аналар мектебін қалыптастыруды ұсынды.
Алтын Каникар, «Kanikar Club» әйелдер клубының жетекшісі:
- Жоба аясында ана тілін білмейтін аналарға ана тілін үйретуді, елге танымал аналарымызды қазақтың әдемі дәстүрі «төркіндеу» арқылы жастарға танытуды, шаңырақтың шайқалмауы үшін инабатты келін болуды, өнегелі ене болуды үйретуге дайынбыз. Сонымен қатар балаларға ұлттық тәрбие беруге кеңес беруді қолдаймыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жұмысыңызды мен қолдаймын. Бұл жұмыс қоғамымызға өте қажет. Жалпы облыстарда осындай орталықтар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы болады. Сондықтан сізге сәттілік тілеймін!
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблея жанындағы республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл ретте өскелең ұрпақтың орман алқаптарында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн түп тал отырғызуға белсенді қатысатынына сенім білдірді. Әрбір өңірде халықтар достығына арналған саябақтар ашуға болатынын тілге тиек етті. Президент Ассамблеяның кезекті отырысын жастар саясаты тақырыбына арнауды ұсынды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов