Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон кеше Қазақстан-Франция бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы бірінші жартыжылдықта елімізге тікелей француз инвестициясының 50% артқанын, бұл көрсеткіш елімізге деген жоғары сенімнің белгісі екені атап өтті. Дегенмен, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары да анықталды. Осылайша, энергетикалық сектор, уран экспортын ұлғайту, шикізатты өндіру мен өңдеу ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары болуы мүмкін.
Қасым-Жомарт
Тоқаев ҚР Президенті:
- Қазақстанда
жалпы құны 46 триллион долларға бағаланатын 5 мыңдай барланбаған кен орны бар. Осы
ретте аталған саланы бірлесе игеру ісінде еліміз сенімді серіктес бола алады.
Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасына қажетті 30 сирек кездесетін металдың
16-сын өндіреміз және Еуропа нарығының фосфорға деген қажеттілігінің 70% қамтамасыз етеміз. Еліміздің аумағында кен орындарының 9 түрі бар.
Тиісті инвестиция табылса, оларды игеруге болады. Осыған орай француз
компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ынтымақтастықтың басым бағыттары ауыл шаруашылығы саласы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңы және, әрине, көлік-логистика саласы болуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қазақстанның «Орта дәліз» - Транскаспий халықаралық бағытын дамытуға қосымша күш салып жатқанын айтты. Қазақстан мен оның серіктестері қазір оны жаңғырту жұмыстарын жүргізуде, бұл жылына жүк тасымалдау көлемін 10 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы әріптестік француз тарапы үшін де қызықты. Бұған Эмманюэль Макрон ерекше тоқталып өтті.
Эмманюэль
Макрон, Франция Президенті:
- Қазақстан –
Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір. Көлік жолдары арқылы, ең алдымен Орта
дәліз арқылы серіктестікті дамыту маңызды. Франция аталған көлік магистралін
өркендетуге өз үлесін қосуға дайын.
Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев француз бизнес құрылымдарының жетекшілерімен кездесті. «Lactalis Group» бас директорымен әңгімесінде Президент Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне инвестиция тартуды ынталандыратынын атап өтті. Аталған кәсіпорын Қазақстан нарығына 20 жыл бұрын келген. Алдағы уақытта ол зауыттар мен тауарлы-сүт фермаларының санын көбейтуді көздеуде. Қасым-Жомарт Тоқаев «Boehringer Ingelheim France» компаниясының президенті Кристиан Вайзенмен кездесуінде «QazBioPharm» холдингі мен шетелдік компания арасындағы Қазақстанда аусылға қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік беретін келісімнің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Президент «Semmaris» компаниясының бас директоры Стефан Лаянимен кездесті. Ол Алматы облысында 2025 жылы пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін ірі хаб құру жөніндегі бірлескен жобаның іске асырылуы туралы айтты.