Alatau city – болашақ цифрлық қаласына қомақты қаржы құйылып жатыр. Тың технологиялар тоғысатын шаһарды дамыту үшін қазірдің өзінде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 32 инвестициялық жоба пысықталып жатыр. Олар логистика, құрылыс және ірі өндірістік бастамаларды қамтиды. Алматыдан 50 шақырым жерден бой көтеретін заманауи мекен «Жаңа Жібек жолы» бойындағы ірі экономикалық әрі технологиялық орталыққа айналуы тиіс. Ол 4 ауданға бөлінеді. Әрқайсысының өз артықшылығы бар. Бірінде білім мен медицина орталықтары ашылса, екіншісінде ғылыммен айналысуға жағдай жасалады. Ең бастысы бәрі жасынды интеллекті қолдаған жүйе қалыптасады. Онда ақылды тұрғын үйлерден бастап, жол қозғалысын реттейтін жүйелер, өндіріс пен өнеркәсіпті өркендететін заманауи нысандар бой көтереді. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасалады. Жаңа шаһар ел экономикасын ілгерілетіп, ғылым мен білімді, бизнесті түлетуге жол ашады. Мамандардың болжамынша, 2050 жылға қарай мұнда 1 млн 800 мың тұрғын қоныстанады.
Қанат Ахатов, Сарапшы:
- Қала құрылысы нөлден басталады. Артықшылығы өте көп. Инфрақұрылым, тұрғын
үйлер, жол барлығы да алдын ала ойластырылып жасалады. Жасанды интеллект қала
қауіпсіздігіне көмек береді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттік қордың бюджетінен де, жергілікті бюджеттен де
қаржыландырылатын болады. Жалпы Алатау қаласының бюджетінен республикалық
бюджетке қаражат алуға тыйым салынатын болады. Яғни, барлық қаражат сол Алатау
қаласын дамытуға жұмсалатын болады.

