Қазақстан мен Еуропалық Одақтың ғылым-білім саласындағы
серіктестігі жаңа деңгейге шығады. Бельгияда еліміздің ғылым және жоғары білім
министрі Саясат Нұрбек, Еуропа Одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі
Эдуардс Стипрайс, Еуропа Парламенті Өнеркәсіп, зерттеулер және энергетика
комитетінің төрағасы Борис Будка, сондай-ақ стартаптар, зерттеулер және
инновациялар жөніндегі еурокомиссар Екатерина Захариева бірқатар стратегиялық
бағыттарды талқылады. Тараптар қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми
орталықтардың халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысуы, сондай-ақ
инновациялар саласында бірлескен стартаптарды жүзеге асыруды талқылады. Басты
қорытынды Қазақстанның әлемдегі ең ірі Horizon Europe ғылыми қаржыландыру
бағдарламасына қосылуы болды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі
- Қазақстанда үлкен академиялық хаб құру жұмыстары жүргізілуде. 40-қа жуық
үлкен серіктестіктер Қазақстанға келді, 33 филиалымыз қазір жұмыс істеп жатыр.
Соның ішінде 7 жетекші Еуропаның университеттері, соның ішінде Бельгияның 2
мықты зерттеуші университетіне қызығып отырмыз. Біздің министрлігіміз РАМП деген Еуропа одағының критикалық минералдар,
критикалық металлдар бағдарламасы 385 млн еуролық бағдарлама, соған біз ресми
түрде кіретін болдық. «Horizon Europe» бағдарламасына кіргеніміз біздің университеттерімізге зерттеуге өте
керемет жаңа қаржыландыру мүмкіндіктерін ашады.
Бельгия университеттерімен келіссөз барысында бірлескен зерттеулерді дамыту, академиялық ұтқырлық пен білім беру бағдарламалары, ғылыми тағылымдамалар мен қолданбалы шешімдер әзірлеу, сондай-ақ жоғары технологиялы салаларға кадрлар даярлау мәселелері қозғалды. Осы және басқа да тақырыптар Shanyraq Dialogues диалог алаңының кезекті отырысында талқыланды. Бельгиялық әріптестер нақты ғылыми жобаларды іске асыру ниетін растады.
Рони Снейдерс, Монс университетінің профессоры
- Біз бұған дейін де қазақстандық ғалымдармен жұмыс
істегенбіз және оның нәтижесіне ризамыз. Сондай-ақ жасыл сутегі, ядролық
технологиялар, биотехнологиялар және шикізат саласындағы жобалар туралы ақпарат
алдық. Қазақстан ғылым мен технология бағытында жоғары деңгей көрсетіп отыр
және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор әлеуетке ие.

