Төтенше жағдайлар министрлігіне жаңа өкілеттілік беру ұсынылды. Енді тиісті ведомствомен сейсмикалық, сел және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қала құрылысы жобаларын келісу бойынша функция беріледі. Мәжіліс азаматтық қорғау мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер енгізуді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты депутаттарға сала басшысы таныстырды. Шыңғыс Әріновтің айтуынша, сейсмикалық аймақтағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі тәсілдер енгізілуде. Атап айтқанда, министрлікке әкімдіктермен бірлесіп халықты жер сілкінісінен қорғау және оның салдарын жою бойынша іс-шаралар жүргізу жүктеледі. Сонымен қатар ТЖМ-не биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді, сауда орталықтарын, спорт нысандарын және т.б. пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды шығару өкілеттігі берілуі мүмкін.
Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі:
- Өрттен қорғау жүйелерін орнату бойынша азаматтарға сапалы қызмет көрсету мақсатында, осындай қызмет көрсететін ұйымдарға жекелеген талаптар қойылады. Яғни олардың тиісті білімдері мен қажетті жабдықтары болу керек. Өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда, адамдар жаппай жиналатын объектілерді сақтандыру жүйесі енгізілуде. Бұл ірі объектілердегі өрт қауіпсіздігінің деңгейін арттырады және зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеуге мүмкіндік береді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

