Қазақстан Дүниежүзілік банктің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі жаһандық стратегиясының негізгі серіктесі болуы мүмкін. Бағдарлама цифрлық экономикаға инвестиция тартуға арналған. Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Дүниежүзілік банктің вице-президенті Сангбу Кимнің кездесуінде осы бағыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды. Мұндай келісім цифрлық байланыс пен инфрақұрылымды дамыту, цифрлық мемлекеттік жүйелерді жетілдіру, деректерді реттеу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жасанды интеллект экожүйесін ілгерілетуді қамтиды.
Сангбу Ким, Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар
және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті:
- Бізді Қазақстандағы жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға қатысты көзқарас ерекше тәнті етті. Бұл елдің экономикасын жаңа деңгейге көтеретін дұрыс бағыт екеніне сенімдіміз. Кездесу барысында жасанды интеллект саласындағы көптеген жаңа жобалар мен бастамаларды талқыладық. Олардың қатарында деректерді өңдеу орталықтарын құру, ауылдық аумақтардағы байланыс сапасын жақсарту және ЖИ технологияларын дамытуға бағытталған жобалар бар. Біз жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономиканы дамытуға қолдау көрсету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.

