Астанада Орталық Азия өңіріндегі су қауіпсіздігі талқыланды. Елордада
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдердің сарапшылары, ғалымдары,
экологтары, дипломаттары мен бейінді ведомство өкілдерінің қатысуымен
халықаралық конференция өтті. Жиналғандар Ауғанстандағы Кош-Тепа каналын салу мәселесін
де талқылады. Жоба аясында Амудариядан су бұру қарастырылған. Бұл Өзбекстан
мен Түрікменстанды, сонымен қатар біздің елді сумен қамтамасыз етуге әсер етуі
мүмкін. Тараптар трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару үшін орнықты дамудың ортақ
стратегияларын әзірлеу қажет екенін атап өтті. Мұнда барлық мүдделі тараптардың
қатысуымен су дипломатиясы маңызды.
Аслан Әбдірайымов, ҚР
Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
- Біз Ауғанстанмен шекаралас
емеспіз. Бірақ олар алатын су көлемін ескерсек, бұл өңірге әсер етеді. Әуелі дипломатиялық
бағытта келіссөз жүргізгіміз келеді. Мүмкін болашақта Ауғанстандағы
әріптестерімізді Халықаралық Аралды құтқару қорына қосу да керек. Мұны
түсінеміз. Біз қазірдің өзінде фермерлерімізді су үнемдейтін технологияларды,
оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып суару қондырғыларын пайдалануға үйретуіміз
керек.
Қазақстан, Өзбекстан және
Қырғызстан су бөлу тәртібін бекітті
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан Ташкенттегі
энергетикалық форум аясында вегетациялық кезеңге арналған су-энергетикалық
режимдер жөнінде келісті. Кездесуде Орталық Азия өңірінің үш елі Сырдария
өзенінде су бөлу тәртібін де бекітті.
Осы Хаттамаға қол қою Су ресурстарын теңгерімді пайдалануды және өңірдің
энергия жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Сарапшылар
мұндай келісімдерді суару кезеңіне дейін талқылау тараптардың қазіргі
гидрологиялық жағдайын және су мен энергетикалық ресурстарға деген
қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді деп отыр. Бірлескен жұмыс ірі су
көзіне қатысты барлық қатысушы елдің мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.

