Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін 240 млрд теңге бөлінеді. Ал шағын және орта бизнесті субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі 320 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ.
Сонымен қатар, 12 арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтардың дамуына 160 млрд теңге жұмсалады. Үкіметте Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай барысында айтқан тапсырмаларды жүзеге асырудың жоспарлары талқыланды. Үкімет басшысының айтуынша, биыл 70 астам жоба пайдалануға беріледі. Ал өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында отандық кәсіпорындардың жүктемесін орта есеппен 65% дейін арттыру бойынша қосымша шаралар әзірленеді. Транзиттік дәліздерді дамыту және көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін жаңа теміржолдардың, логистикалық орталықтар мен қоймалардың құрылысы жалғасын табады.
Мәселен, жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау көлемін 450 млн тоннаға дейін, автомобиль көлігімен тасымалдау көлемін 316 млн тоннаға дейін, сондай-ақ транзиттік тасымалдарды 30 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Үкімет жиынында ақпарат және байланыс қызметтері саласына да ерекше көңіл бөлу керектігі тілге тиек етілді. Атап айтсақ, IT-қызметтер экспорты АҚШ валютасында 600 млн-ға дейін ұлғайтылмақ. Сонымен қатар, еліміздің тұрғын-үй секторын кеңейтіп, дамытуға қатысты да шаралар талқыланды.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
– Біріншіден, бұл – тұрғын үй құрылысы. Ағымдағы жылы 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға беру көлемін 4 есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оған қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. 1 мамырда «Отбасы банк» арқылы жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Ол 12 мыңға жуық отбасыға тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта 300 млрд теңге бөлінеді.