Қазақстан мен Бразилия ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті күшейтпек. Астанада қос елдің кәсіпкерлерінің басын қосқан бизнес-форум өтті. Оның барысында ауыл шаруашылығы министрліктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бразилия Қазақстанның тыңайтқышына қызығып отыр. Тараптар бұл бағыттағы әріптестік аясын кеңейтіп, жеткізілімдер көлемін ұлғайту жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар форумда өнеркәсіп және цифрлық технологиялар сияқты басым салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру әлеуеті талқыланды. Мәселен, бразилиялық Embraer әуеқұрылыс компаниясы Қазақстанда өзінің қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда. Осы орайда елімізге аймақаралық бағыттарға арналған ұшақтарды ұсынуға дайын.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Бразиялияны өздеріңіз білесіздер, ет өндіру нарығында ең үлкен мемлекет. Жаңа өз әріптесіммен біз селекция жайлы сөйлестік. Енді Бразилиямен осы мәселеде жұмыс істейтін болсақ, жақсы нәтижелер болады деп ойлаймын.
Мауро Виейра, Бразилия Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан - әлемдегі ірі тыңайтқыш экспорттаушылардың бірі, ал Бразилия азық-түлік экспортынан әлемде екінші орында тұр. Сондықтан бұл салада ынтымақтастық әлеуеті өте жоғары. Бразилия жыл сайын 40 миллион тоннаға жуық тыңайтқыш импорттайды. Осыған байланысты Қазақстаннан жеткізілетін өнім көлемін ұлғайтуға мүдделіміз.

