Жыл басынан бері Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 300 млн доллардан асты. Аталған мемлекетке еліміз түсті металл, жүн, тоқыма және химия өнімдерін экспорттайды. Ал бізге Бельгиядан автомобильдер, электр жабдықтары, оптикалық құрылғылар, химия өнеркәсібінің өнімдері мен тауарлары импортталады. Екі елдің бизнесмендері зығыр экспорты бойынша келісімге келуге ниетті.
Бельгия қазақстандық зығырдың тұрақты тұтынушысы екенін айта кеткен жөн. Бұрын ол Корольдікте өңделіп, кейін Қытайға жөнелтілетін еді. Енді тараптар зығырды Қазақстанда өңдеп, аспанасты еліне жеткізу жайында келіспек.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл логистика жағынан да қос елге тиімді болмақ.
Люк Либо, Бельгия СІМ Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша департамент директоры:
- Біз өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық жобаны қолдаймыз. ЕО Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. 2019 жылы ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиялық бағдарламасы қабылданды. Құжатта аймақ пен ЕО арасындағы қарым-қатынас және Одаққа мүше мемлекеттердің аймақпен өзара әрекеттестігі егжей-тегжейлі сипатталған.