Ақмола облысында қуаңшылыққа төзімді бидай тұқымы егіліп жатыр. Қазір өңірде жаппай егістік науқаны басталып кетті. Мәселен, облыстың бір ауданында 50 мың гектарға жуық жерді игеру жоспарланып отыр. Оның басым бөлігіне бидайдың жаңа сұрыптары егіледі.
Бақыт Ермұратов, серіктестіктің атқарушы директоры:
– Басты назарымыз сұрыптарды жаңартуға бағытталған, яғни шаруашылыққа енгізуді қажет ететін құрғақшылыққа төзімді сорттарды іріктеу. Негізінен бұл – қуаңшылыққа бейімделген қазақстандық селекция сорттары. Сондықтан бүгінде ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз.
Ақмола облысында күн сайын 250 мың гектар жерге егін егу жоспарланған. Осыған байланысты 15 мыңдай трактор мен мың жарымға жуық егіс кешені көктемгі дала жұмыстарына шықты. Диқандар дәнді және майлы дақылдардың көктемгі егісін мамырдың аяғы мен маусым айының басына дейін аяқтауды көздеп отыр. Жалпы егістік алқабы 5 миллион гектардан асады.
Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы Басқармасы басшысының орынбасары:
– Тұқыммен бізде ешқандай проблема жоқ. 33 хозяйства бар тұқым сататын. Оларда 50 мың тонна бірінші, екінші элиталы тұқымдар сатылуда. Ол тұқым мәселесі облыс бойынша шешілген. Жанар-жағармай мәселесіне келетін болсақ, Үкімет тарапынан арзандатылған жанармай берілді 72 мың тонна. Оны 3 айға бөлгенбіз.
Айта кетейік, өнімділігі өте жоғары элиталы тұқымдарды сатып алған диқандарға мемлекет шығынның 50-ден 70 процентіне дейін өтеп береді. Бұл үшін қазынадан 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.