Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасы Глазгода өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі бойынша форумында ұсынылады. Құжат негізінен ел экономикасының энергетикалық тиімділігін арттыру, жаңартылған қуат көздерін кең ауқымды пайдалану жөніндегі кешенді шараларды қамтиды. Көміртекті бейтараптық бағдарлама елге шығарындыларды 97-98% қысқартуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. 2060 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 50% өсуін ескергенде алдағы 40 жылда осы мақсаттарға 600 млрд доллардан астам инвестиция қажет болады. Құжатты әзірлеуге Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы белсенді атсалысқанын айта кету керек.
Әлия Баймаханова, ҚР Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Доктрина Қазақстанның алдына қойған барлық міндетіне жауап береді. Біз оны толықтай қолдаймыз, ол Жол картасы арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін ең алдымен кімнің нақты не істеу керек екендігі анықталады. Бұл саммитке әлемнің барлық дерлік ел қатысады және алғаш рет Орталық Азия елдері бірігеді. Қатысушылар Душанбеде және Түркістан қаласында өткен конференциялар барысында көтерілген мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ Орталық Азия елдері декарбонизация бойынша ортақ саясаттарын таныстырады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов