Қазақстан мен АҚШ тау-кен саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан мен АҚШ тау-кен саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тау-кен өнеркәсібі және аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық жаңа стратегиялық деңгейге көтерілді. Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысқан АҚШ Сауда министрінің орынбасары Дэвид Фогель Вашингтонның Қазақстанмен минералдық ресурстар секторы мен жаһандық жеткізу тізбегін дамытуға баса назар аударып отырғанын мәлімдеді. Айта кетейік бұған дейін Қазақстан мен АҚШ екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша тау-кен және экономика салаларында жалпы құны 17 миллиард АҚШ долларын құрайтын 29 келісім бекітілген болатын. Қазақстандық тарап АҚШ-пен серіктестік тек шикізат экспортымен шектелмейді деп отыр. Озық технологиялар трансфері мен қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілмек.


Марат Бірімжан, «Kazakh Invest» ҰК АҚШ-ғы өкілі:


- Бізге де, АҚШ үшін де аса маңызды  минералдар инвестициялық саясаттың басым бағыты болып табылады. Біз екі елдің үкіметтері арасында да, ұлттық және жеке компаниялары, бизнес өкілдері арасындағы белсенді әріптестікті дамытуға күш саламыз. Алда орасан зор ынтымақтастық әлеуетіміз бар деп ойлаймын, бұл миллиондаған емес, миллиардтаған доллар қаржыға жол ашады, осы келіссөздегі ірі, орта және шағын американдық компаниялардың өзі осыған айғақ. 


Мағжан Ілиясов, Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы төтенше және өкілетті елшісі:


- Ең бастысы осының барлығының түп негізінде үлкен саяси ишара тұр, Құрама Штаттардың қазіргі әкімшілігі Қазақстанды өз экономикасы үшін өте сенімді аса маңызды минералдар жеткізуші ретінде қарастырады. Біз өз тарапымыздан шикізатты өндіру мен экспорттауды ғана емес, Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру туралы бастама көтеріп, соған бағытталған серіктестік тәсілдерін іздестіріп жатырмыз, бұл қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?