Қазақстан «Орталық Азия – 2040» даму стратегиясын әзірледі

Қазақстан «Орталық Азия – 2040» даму стратегиясын әзірледі. 9 тамызда Астанада өтетін мемлекет басшылары саммитінде құжаттың қабылдануы бүкіл өңір үшін концептуалды мәнге ие болады. Онда республикалардың бесжақты өзара іс-қимылын кеңейтуге бағытталған жақындасу басымдықтары көрсетілген. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен кездесуінде айтты.

Бүгінде өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда Орталық Азия елдері арасындағы сауда 80%-ға артып, 10 миллиард доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл процестер өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы нәтижелі диалогпен дәйектелуі тиіс. Өз кезегінде аймақтағы Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының алғашқы кездесуі осындай тиімді алаңға айналуға бағытталған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев республикалардың барлық сала мен бағыттар бойынша ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті. Серіктестік тек өңір ішінде ғана шектеліп қалмайды. Әлемдік ойыншылар «Орталық Азия+» форматындағы белсенді ықпалдастыққа зор қызығушылық танытып отыр. Былтыр Еуроодақ, Қытай, АҚШ, Германия, Араб мемлекеттерімен өткізілген кездесулердің қорытындылары – соның айқын дәлелі. Президент жиынға қатысушыларды аймақтағы елдерді бір-біріне қарсы қоюға, араздастыруға тырысушы бөгде күштерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз мұндай тәсілдер мен әрекеттерге ашық қарсымыз. Бұған күмән болмасын. Жалпы, біздің елдеріміз арасында өзара оңтайлы шешім таба алмайтын мәселе жоқ және болмауға тиіс. Тек ортақ іс-қимыл синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне жол ашатынына сенімдімін. 

Қазақстан басшысы бесжақты форматты институционалдық тұрғыда одан әрі жетілдіру өзекті болып қала беретінін атап өтті. Елдеріміз арасындағы қатынастардың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюмен бекітілуі тиіс деп қосты.