Президент: 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болмақ

2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады. Сонымен қатар осы жылы бірнеше ықпалды өңірлік және халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерде Қазақстан төрағалық етеді. Мәселен, Елордада маусым айында «Халықаралық Астана Форумы» өтеді. Алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады деп күтілуде. Онда климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланып, басты назарға алынады. Біздің республикамыз шетелдік серіктестермен және көршілермен өзара тиімді және прагматикалық ынтымақтастықты қалай дамытып жатқаны туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді».

Президент сұхбатында аймақтық ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда қарқынды дамып жатқан Орталық Азия сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер өңіріне айналған. Бұны барша әлем мойындап отыр. Сондықтан да был аймаққа сыртқы жетекші ойыншылардың қызығушылы артып келеді. Осыдан «С+5» үлгісі маңызды диалог алаңы деп танылды. Қазақстан көршілес елдермен де саяси диалог және стратегиялық әріптестік аясын қарқынды түрде дамытуда.  Бұл ретте Ресйеді атап өту керек. Тараптар көпжақты кұрылымдар аясында, сондай-ақ, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ынтымақтастық орнатқан. Өткен отыз жылда мемлекетаралық байланыстардың іргесі беки түсті. Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы көпке үлгі екенін айтты. Ердер арасындағы тауарайналым былтыр рекордтық көрсеткішке жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды».