Қазақстан құрамасы қоржынға тағы 2 күміс медаль салды. Парижде бір жүлдені грек-рим күресі бойынша Демеу Жардаев жеңіп алды. Ол 77 келі салмақта ақтық сынға дейін жетті. Финалда ол жапондық балуанмен кездесті. Бұл белдесу Нао Кусаканың пайдасына аяқталды.
Екінші күміс медаль боксшы Нұрбек Оралбайдың еншісінде. Ол 80 келі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетті. Ақтық бәсекеде отандық былғары қолғап шебері украиндық Александр Хижнякпен кездесті. Бірінші раундта қарсылас боксшы басым болса, екінші раундта Нұрбек Оралбай сенімді өнер көрсетті. Шешуші, үшінші раундта Хижняк белсендірек болып, төрешілердің көпшілігі кездесуді соның пайдасына шешті.
Гүлнар Тілеуқұлова, Нұрбек Оралбайдың анасы:
– Барлығы жанкүйер болып отырған Қазақ еліне рақмет. Міне, Алланың қалауымен күміс болды. Барлығымыз алтын күткенбіз. Келесі жолы екеуі де алып келеді деп ойлаймын.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасында 7 медаль бар. Олардың біреуі – алтын, үш күміс пен үш қола. Бүгін отандық атлеттер бірнеше спорт түрінен сынға түседі. Олар: көркем гимнастика, байдарка және каноэ есу, заманауи бессайыс, еркін күрес және спорттық альпинизм.