Гимнаст Нариман Құрбанов Париж олимпиадасында күміс жүлде алды

Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы алғашқы «күмісті» Қазақстанның қоржынына гимнаст Нариман Құрбанов салды. Спортшы тұтқалы ат үстіндегі жаттығулардың финалында табысты өнер көрсетті.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан тарихында гимнастикадан олимпиада ойындарында алған алғашқы медаль.

Хусанжан Құрбанов, Нариман Құрбановтың әкесі және жаттықтырушысы:

– Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Қолдауларыңызға рақмет! Нариман жаттығуын орындағанда демімді іште ұстап тұрдым.  Қоржынымызда енді олимпиада ойындарының күміс алқасы бар.

Бесінші республика астанасында қазақстандықтар күміс жүлдегерге қолдау көрсетті. Нариман Құрбановты еліміздің Франциядағы елшілігінде қошеметпен қарсы алды.

Нариман Құрбанов, жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:  

– Олимпиада ойындары қазір қызу жүріп жатыр. Біздің негізгі делегация медаль үшін күресті енді ғана бастайды. Мен бүкіл командамызға жетістік, олимпиада ойындарында жеңіс тілеймін. Алға Қазақстан! 

Олимпиададағы жеңісті жолдың жалғасын қазақстандықтар финалға жолдама алған боксшымыз Нұрбек Оралбайдан күтіп отыр. Сондай-ақ Олимпиада ойындарының ақтық сайысына жеңіл атлет Нора Джеруто шықты. Ал жартылай финалда былғары қолғап шебері Назым Қызайбай ел намысын қорғайды. Ел құрамасының қоржынында Олимпиаданың сегізінші күнінен кейін төрт медаль – бір алтын, бір күміс және екі қола бар.