Қазақстан халал бойынша аймақтық хабқа айналып келеді

Қазақстан халал бойынша өңірлік хабқа айналады.  Отандық зертханалардың бірі Біріккен Араб Әмірліктерінің Халықаралық орталығынан осындай өнімдерді сертификаттауға құқық беретін акредиттеу бойынша ресми құжат алды. Бұдан былай Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және ТМД елдерінің кәсіпкерлері өз өнімдерінің халал стандарттарына сәйкестігін бағалау үшін осы алаңды пайдалана алады. Оны Парсы шығанағындағы барлық елдер мойындайды. Яғни, құжат ондағы нарыққа шығуға жол ашады. Бұл жөнінде еліміздің сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. Ол Қазстандарт – Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия кеңістігінде халықаралық талаптар бойынша аккредиттелген жалғыз зертхана екенін атап өтті. Сондай-ақ, бұл қазақстандық өнімнің басқа өңірлерге, оның ішінде Түркия мен Иранға тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, 2025 жылға қарай Қазақстан шикізаттық емес экспорт көлемін 41 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов