Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің дамуы қарқын ала
түсті. Мәселен өткен жылы алғаш рет сектордың ЖІӨ-дегі үлесі тау-кен кешенінен асып
түсіп, шамамен 12,5% жетті. Биыл тоғыз айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс
көлемі 6% ұлғайып, 21,5 трлн теңгені құрады. Әдеттегідей машина жасау саланың
қозғаушы күшіне айналып келеді. Ол шамамен 10% өсім көрсеткен. Оны дамыту
әлеуеті кең. Биыл елімізде 149 мың автомобиль шығару жоспарланған, жаңа
кәсіпорындар іске қосылды. Мәселен Алматыда қытай автокөліктерінің бірқатар
маркаларын шығаратын зауыт ашылды, сондай-ақ жыл соңына дейін Оңтүстік Кореяның
темір тұлпарлары жиналатын зауыт іске қосылмақ. Ал тау-кен металлургия
секторында еліміз бериллий, тантал, ниобий және рений өндірісінде жетекші орнын
сақтап отыр. Қазақстан әлемдік нарыққа
титан мен скандийді экспорттаушылардың қатарына кіреді. Бұл бағытты цифрлық
жаңғыртуға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше назар аударылуда.
Рахымжан Исақұлов, ҚР
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Ағымдағы жылдың
қаңтарынан бастап жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды.
Онда геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет
автоматтандырылған. Үш жыл ішінде 100 мың шаршы шақырым аумақтағы жер қойнауын зерттеп,
сол алаңдардың заманауи геологиялық карталарын жасауды жоспарлап отырмыз. Аталған
аумақты зерттеуге, шөгінді бассейндерді сейсмикалық барлау мен геологиялық
инфрақұрылым құру үшін шамамен 240 млрд теңге қарастырылған.

