Олар осы бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өздері бастама көтерді деді, Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің Энергетика министрі. Болат Ақшолақовтың сөзінше, бұл шетелдік компаниялар электр энергиясының құнын қазіргі аукциондық бағадан төмен сатуға мүдделі. Осы орайда айта кетерлігі, бүгінде бұл бағытқа 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл елімізде жалпы энергия өндірісінде баламалы қуат көздерінің үлесін 4% дейін жеткізу көзделген. Болжамға сай 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6% құрамақ. Ол үшін алдағы үш жылда елімізде қосымша 48 жаңартылатын энергия көздері нысанын іске қосу жоспарланған.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Осы индикаторға қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау шеңберінде ағымдағы жылдың қараша айында жиынтық қуаты 690 МВт ЖЭК жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізу жоспарлануда. Ағымдағы жылы ЖЭК секторына инвесторларды қолдау бойынша күшейтілген шаралар арқасында осы аукциондық сауда-саттықты өткізу қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ, министр алдағы уақытта саланы жаңғырту қамында «таза көмір» технологияларын, баламалы қуат көздері және заманауи газ бен атом генерациясын, Smart Grid зияткерлік жүйесін ендіру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл шаралар еліміздің электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы шеңберінде көзделген.