Қазақстандық ғалымдар тау-кен өндірісіне тартылады

Қазақстандық ғалымдар отандық тау-кен саласын жаңғыртуға жұмылдырылмақ. Жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлаудан бастап өнімді терең өңдеу үрдісіне дейін зерттеушілердің тың жобаларын ендіруге ниетті. Енді ғалымдар толық өндіріс жолына араласуға құқылы. Тек заманауи шешім қажет. Бұл тек кен игеруге ғана қатысты емес. Сандық технологиялар мен жасанды интеллекті қолдану арқылы саладағы адами капитал, еңбек шарттары мен бизнес үрдісті жетілдіруге қатысты бастамалардың да болғаны абзал.  

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бұл негізгі біздің платформа тақырыптарды белгілеп, қаржыландыруды айқындайтын. Енді ол комиссияның құрамына осы ірі компаниялардың басшылары кірді. Жақында тұңғыш жаңартылған форматта отырыс өтеді ғылыми техникалық комиссияның, онда баяндама жасайтын ғалымдар немесе сарапшылар емес ірі өндірістік компаниялардың басшылары болады. Яғни, тапсырмаларды, тапсырысты енді өндіріс белгілейтін болады.

Отандық зерттеушілер ғылыми-инновация бағытында елдің кәсіпорындарымен күш-қуатын біріктіруге сақадай сай. Қазірдің өзінде осы бағытта бірқатар жобалары дайын. Мәселен химия ғылымдары институтының төрт бірдей зерттеуі тау-кен өндірісіне қатысты жасалған. Оның екеуі құнды металдардың үлесін кешенді түрде бөліп алуға арналса, өзгесі өндіріс қалдықтарын қайта өңдеуді көздейді.

Хайдар Тасыбеков, Ә.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының бас директоры:

- Таза өндіріс, жасыл технология, кешенді технологиялар арқылы түгел тастандылардың құрамындағы ерітінділерді азайту, Бұл жобалар бұның бәрін ескереді, осылайша кешенді өңдеу, тастандылардың бәрін кәдеге жарату. Тастандының өзін қайта өңдеуге шығару, сол арқылы кәсіпорынның экономикалық тұрғыдан деңгейін жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу. Екіншіден экологияның эмиссиясын азайту.

Болашақта қазақстандық ғалымдарды еліміздің өзге де негізгі салаларының әлеуетін арттыруға тарту жоспарланған.

Жеңіс Ермұқанов