Тәжік қабырға кілемі – сюзане, түрікмен ұлттық папахасы, гүлдермен кестеленген орыс халық рушнигі. Елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан: халық үндестігі» атты қор көрме ашылды. Онда ұсынылған бірегей заттар еліміздің түрлі этностарының тарихи өзара қарым-қатынасын, олардың ынтымақтастығы мен мәдени қалыптасуын көрсетеді. Келушілерге экспонаттар арқылы түрікмен, өзбек, әзербайжан, беларусь, орыс, корей және басқа халықтардың ұлттық киім, ыдыс-аяқ, кілем тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріледі. Көрмеде кілем және киіз, кәдесый бұйымдары, бейнелеу өнерінің туындылары топтамаларынан 200 астам музейлік құндылықтары ұсынылған.
Гүлім Сабыржанқызы, ҚР Президенттік орталығының экскурсия жұмысы қызметінің аға сарапшысы:
– Көрменің негізгі мақсаты – ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі негізінде еліміздегі сенім мен келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту болып табылады. Көрмеде, әрине, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының негізіндегі дипломатиялық қарым-қатынастардың көрінісі ретінде түрлі мемлекеттерден келген сыйлықтар үлгісі, оның ішінде тәжік халқының «Сюзане» кілемін атап өтуімізге болады. Бұл кілемді жас кезінен бастап анасы қыз баласының жасауы ретінде арнайы тоқыған болатын.