Өнер үшін шектеу жоқ. Астанада қазақ-француз заманауи хореографиясы мен музыкасы тоғысты. Бірлескен спектакльді IP Theater инструменталды ұжымы мен Қазақ ұлттық хореография академиясының эксперименталды қойылымы ашты. Жергілікті сахна саңлақтары Лувр қорындағы әйгілі француз суретшісі Теодор Жериконың «Медуза салы» атты картинасының мән-мағынасын би тілімен және ұлттық аспаптар үнімен жеткізді.
Отандық «JOLDA» заманауи би театры мен Францияның атақты электронды музыка шебері Judah Warsky жергілікті өнер сүйер қауымға «Oina-Jouer» атты бірлескен перформанс ұсынды. Қойылымның мақсаты - еркіндікке негізделген қарым-қатынасқа шақыру.
Жанна Төленді, Jolda Dance Theatre жетекшісі /Қазақстан/:
- Француз сазгерінің музыкасы мен біздің режиссерлердің айтар ойы бір жерден шықты. Ортақ ісімізді тоғыстыру үшін біз сондай-ақ шетелдік композицияға ұлттық аспабымыз - шаңқобыздың үнін қостық. Ерекше сабақтастықтың нәтижесі бәріміздің көңілімізден шықты.
Judah Warsky, Музыкант /Франция/:
- Біздің басты мақсатымыз - музыка тілімен кең байтақ дала көрінісін жеткізу. Мен әр елдің тарихымен ұлттық аспаптары арқылы танысамын. Сондықтан спектакльде шаңқобыздың үнін көбірек қолдануға тырыстық. Бұл ойымыз сәтті жүзеге асты. Осы жергілікті аспап пен менің шығармашылығым және алматылық би ұжымы дала үнін, жалпы достық үшін шектеу жоқтығын көрерменге жеткізе алды деп ойлаймын.
Қос елдің өнер ұжымдарының басын қосқан әуезді шара Астанадағы Француз Альянсының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған үн қосқан отандық шығармашылық топтар биыл шілде айында Францияда өтетін Avignon Festival Off Еуропаның ең ірі театр фестиваліне шақырту алды. Биыл оған 60-қа тарта қазақстандық өнер майталманы қатысады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

