Қазақстандық қыш өнері шеберлері Қырғызстанға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Бішкекте көзешілердің халықаралық симпозиумы өтті. Жергілікті, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей және Оңтүстік Кореяның мамандары өзара бірегей техникалармен бөлісіп, шеберлік алмасты. Сәндік-қолданбалы өнердің кәсіби майталмандары мен әуесқойлар басқосуда жаңа үрдістер мен идеяларды талқылады. Қатысушылар үшін шеберлік сабақтары өткізіліп, үздік жұмыстар таныстырылды. Іс-шара халық өнерін дәріптеуге және жаһандану дәуірінде мәдени мұраны сақтауға бағытталған.
Сыймык Болотбекулу, Қыш өнері шебері, Қырғызстан:
- Егер құмыраның мойны тар болса, онда ол әдетте сәндік мақсаттарға арналған бұйым. Өйткені мұндай ыдыстан сұйықтықты құю қиын. Алайда, аузы кең болған жағдайда күнделікті пайдалануға ыңғайлы болады. Кең саңылау құмыраны толтыруды және тазартуды жеңілдетеді. Яғни оны тек сәндік интерьер элементіне ғана емес, сонымен қатар қолданбалы тұрмыстық затқа айналдырады.
Сон Ингил, Қыш өнері шебері, Оңтүстік Корея:
- Бұл алаңда мен өз жұмыстарымды таныстырып қана қоймай, әріптестеріммен Оңтүстік Корея стилінде қыш ыдыс жасау бойынша құнды тәжірибеммен бөліскім келеді. Бұл бағыт өзінің ерекше техникаларымен, сан түрлі пішіндерде орындалуымен бірегей. Кәріс халқының көзешілік өнері терең символизмімен танымал. Ол өрнектер мен түрлі суреттер арқылы беріледі.
Шеберлердің айтуынша, бүгінде көзешілік қайта жаңғыруда. Қыш ыдыстарға сұраныс та артып келеді. Оларды бірегей сәндік бұйымдарға айналдыру үшін ұлттық ою-өрнекпен безендіріледі. Бұндай көздің жауын алатын туындыларға дәмханалар мен мейрамханалар және қонақ үйлер жиі тапсырыс береді. Қыш жасау өнері бүкіл әлемде оның дәстүрін білетіндер арасында бағаланады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

