Қазақстан Global Innovation Index-2024 рейтингінде Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің көшбасшы үштігіне енді

Қазақстан Global Innovation Index-2024 рейтингінде Орталық және Оңтүстік Азия елдері көшбасшыларының үштігіне енді. Республика бұл тізімде 78 орынға көтерілді. «Мемлекеттік басқару тиімділігі», «Заң үстемдігі», «Нарықтың дамуы», «Тікелей инвестициялардың таза ағыны» сияқты көрсеткіштер бойынша ілгерілеу байқалады. Айта кетейік, беделді халықаралық рейтингте 2007 жылдан бері 80 бағыт бойынша 133 елдің параметрлері бағаланады. Ең бастысы аталмыш рейтинг инновациялар саласында жаңа стратегияларды әзірлеу және оның елдердің дамуына әсерін бағалауда маңызды индикатор болып отыр. Тізім редакторлары Қазақстанның «Онлайн үкімет» сияқты санаттарда әлемнің ТОП-30 елінің қатарына кіруін ерекше атап өтті - біздің еліміз 8-орынды, «Электрондық қатысу» бойынша 15-орынды иеленді. Сарапшылардың айтуынша, рейтингте ілгерілеу мемлекет жүзеге асырып жатқан реформаларға берілген халықаралық тұрғыдағы оң баға және ол еліміздің әлемдік аренадағы беделін жақсартып, Қазақстанға тікелей инвестициялар тартуға ықпал етеді.