DIGITAL BRIDGE: Мемлекет пен бизнестің әріптестігі

БҰҰ деректері бойынша Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіреді. Алайда, еліміз мұнымен тоқталып қалмай, цифрлық кеңістікте бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара әріптестігін жетілдіруге ниетті.

«Kaspi, Halyk, BI Development және басқа да компаниялар мемлекеттік қызметтерге өздерінің платформаcы арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді». Форумда отандық ірі қаржы және құрылыс компанияларының тың бастамаларымен танысқан Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызметтерді тек ресми органдар ғана көрсетпейтінін айтады. Жеке сектормен де әріптестік жақсы жолға қойылған.

Амангелді Омаров, BI Development бас директоры:

- Біз пәтерді таңдаудан бастап, үлестік қатысу шартын жасасу, оны қазреестр бірыңғай есепке алу жүйесіне автоматты түрде тіркеу, сату-сатып алу келісіміне тұруға дейін клиент үшін қажетті шаралардың барлық тізбегін құрып қойдық. Яғни, біздің әзірлемені пайдаланудың арқасында азаматтар осының бәрін үйден шықпай-ақ қашықтан жасай алады.

«Big App» бірегей сандық тұғырнама арқылы ел азаматтары жылжымайтын мүлікті онлайн сатып алып, үйден шықпастан келісімдер жасай алады. Бұл жол мен уақыт машақатын шешумен қатар, ақшаны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде жүйеде 100 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

Амангелді Омаров, BI Development бас директоры:

- Бұл біздің клиенттеріміз үшін өте тиімді. Мәселен, олар бұған дейін тіркелу үшін үш күн жүрсе, қазір бұл іс үш-ақ сағаттың ішінде тындырылады. Ең бастысы, клиенттеріміздің ақшасы үнемделеді. Пәтер немесе паркинг сатып алу кезінде нотариаттық қызмет үшін 70-80 мың теңге төлеп жүрген адамдар енді бұл қызмет құнына бар болғаны 4 мың 800 теңге жұмсайды.

Блокчейн технологиясын сату үрдісіне ендіру ХҚКО-на түсетін жүктеменің бірден 5 есе азаюына сеп болды. Компания бұл цифрлық өнім –мемлекет пен бизнестің табысты әріптестігінің жарқын үлгісі екеніне сенімді. Басты мақсат – қазақстандықтардың өмірін оңтайландыру.


Жеңіс Ермұқанов, Төлеген Байкенов