Қазақстанда «Дарбаза-Мақтаарал» темір жол желісінің құрылысы жүріп жатыр. Ірі инфрақұрылымдық жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылуда. Жобаның жалпы ұзындығы 152 шақырым. Қазір оның алғашқы 30 шақырымында 160-тан астам жұмысшы екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.
Арман Аңсатбаев, Мердігер:
- Бұл жаңадан салынып жатқан жоба болғаннан кейін топырақ жұмыстары болмақ. Келесі жылы ғана өзге жұмыстарға көшеміз. Көпірлер салынады, су өткізгіш құбырлар салынады. Биылғы жоспар өзіміздің аумақтағы 5 жарым млн куб топырақтың жұмысын аяқтау.
Жоба толықтай 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Жалпы құрылысы үш жылға созылатын темір жолға 240 млрд теңге қаражат бөлініп, 19 700 тонна рельс төселмек. Бұл ретте құрылысқа қажетті бөліктердің барлығы да отандық зауыттарда құрастырылатынын айта кету керек. Елімізді Өзбекстанмен жалғайтын шойын жол алыс жақын шетелдерге тауар тасымалдауға жол ашпақ. Яғни, көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамытуға бағытталған. Бұл жолмен отандық өнімдер Ауғанcтан, Тәжікстан, Түркменстан және Иран мемлекеттеріне тасымалданады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

