Жаңа үш облыстың әкімшілік ғимараттарын сатып алуға, жөндеуге және жалға алуға 12 млрд теңге жұмсалады. Оның ішінде Алматы облысына – 3,5 млрд, Ұлытау облысына 7,6 млрд және Абай облысына 839 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі хабарлады. Әлібек Қуантыров мәлім еткендей, жаңа облыстар аумағының шекарасын айқындау кезінде жергілікті халықтың пікірі, өңірдің экономикалық және инфрақұрылымдық әлеуеті, тұрғындар саны ескерілген.
Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:
– Қазіргі таңда жаңадан құрылған облыстарда орталық мемлекеттік органдардың штатын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Содан кейін бюджет пен коммуналдық меншіктер бөлінеді. Жергілікті жерлерге барып, облыс орталықтарының инфрақұрылым нысандарының, жылжымайтын мүлік қорының дайындығын, әкімшілік ғимараттарға жөндеу жүргізу қажеттігі тұрғысында талдау жүргізіп қайттық. Алдын ала есебіміз бойынша, керек қаражаттың көлемі 12 млрд теңге. Бюджетті бөлу мәселесі еліміздің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Авторы: Ақзер Сегізбай