Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы 35% өсті. Үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында ғана оның көлемі 2 млрд 300 млн доллардан асып жығылған. Finprom.kz порталының хабарлауынша, саудадағы оң көрсеткіштер экспортта тіркелген.
Аймақ елдерінің нарықтарына тауар жеткізу импорттан 3 есе асып түскен. Қазақстанның басты сауда серіктесі – Өзбекстан. Тауар айналымының үштен екісі осы республикаға тиесілі, ол 1,5 млрд долларға жуықтаған. Екінші орында – Тәжікстан, Қазақстан осы елмен 426 миллион долларға, ал Қырғызстанмен 328 млн долларға сауда жасаған. Ал тізім соңындағы Түркіменстанмен тауар айналымы 74 млн 600 мың долларға тең болған. «Алайда бұл көрсеткіште жаман емес», дейді сарапшылар. Өйткені былтырғы жылмен салыстырғанда 50% өсім бар. Жалпы, Қазақстаннан Орталық Азия мемлекеттеріне экспорт көлемі 2021 жылы 1 млрд 700 млн долларға жеткен. Ал жергілікті нарыққа Орталық Азия республикаларынан 624 млн доллардың тауарлары жеткізілген.