Үкіметте салықтық және кедендік әкімшілендіру жоспарлары туралы айтылды

Үкіметте салықтық және кедендік әкімшілендіру жоспарлары туралы айтылды

Салықтық және кедендік әкімшілендіру процестері толығымен цифрландырылуға тиіс. Ал Қаржы министрлігі осы ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жыл соңына дейін аяқтауы қажет. Тапсырманы орындауды тиісті ведомствоға министрлер кабинетінің басшысы тапсырды. 

Олжас Бектеновтың айтуынша, барлық үдерістерді барынша цифрландыру әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үкіметте бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілгендігі және оны жетілдіру бойынша алдағы жоспарлар туралы Қаржы министрі айтып берді. Мәди Такиевтің айтуынша, соңғы 5 жылда қабылданған шаралар есебінен республика бюджеті 4 триллион теңгеге толықты. Оның 23% немесе 932 млрд теңгесі 2023 жылға тиесілі. Министрдің айтуынша, биыл әкімшілендіруге арналған кіріс бойынша 1,6 трлн теңгеге жоспар құрылған. Бұл алдыңғы жылғы деңгейден 173% артық. 

Бұдан басқа, ірі салық төлеушілердің, сондай-ақ мұнай секторы мен тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының салық әлеуетін арттыру мәселесі белсенді пысықталуда. Мәди Такиев жаңа салық кодексінің жаңалықтары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. 

Мади Такиев, ҚР Қаржы министрі: 

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – демекші, жасалған бұзушылықты  қудалағанша, оның алдын алған дұрыс деп санаймыз. Осы мақсатта, «Электрондық шот-фактура» тіркеу немесе жазып беру кезінде адамды биометриялық сәйкестендіру функциясы іске асырылды. Бұл бөтен адамдарға компанияларды тіркеу, сондай-ақ жалған шот-фактураларды жазып беру тәуекелдерін алдын алуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың наурызындағы, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында қосылған құн салығын қайтару рәсімдері қайта қаралды. Сондай-ақ қосылған құн салығын жедел қайтаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін  талдамалық жүйе әзірленді.  Бұл отандық тауар өндірушілерге айтарлықтай қолдау болады.