Брюссельдегі «Global
Gateway» екінші форумында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдері кәрі
құрлықтың жетекші қаржы институттары - Еуропалық қайта құру және даму банкі,
сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға
қол қойды. Бұл аймақтағы жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тартып,
электр желілерін жаңғыртуға, Қырғызстандағы Қамбарата ГЭС-1 жобасын жүзеге
асыруға мүмкіндік береді.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика
министрі:
- Бұл таулы аймақтағы гидростанция
Қазақстанды электр қуатымен ғана емес, сумен де қамтиды. Қазақстан төменгі
ағыста орналасқандықтан, біз үшін бұл нысанның жұмысы, су-энергетика
саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Оңтүстік өңірлерімізді суару кезеңінде
қажетті мөлшерде сумен қамту басты назарымызда.
Хусейн Озхан, ЕҚДБ
Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры:
- Өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумда Еуропалық қайта құру және даму банкі жалпы 1,5 млрд
доллар, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің әрқайсына 500 млн
доллардан бөлетіні қарастырылған. Бірақ бұл тек бірінші келісім. Жобаны соңына
дейін жеткізу үшін әлі талай жұмыс күтіп тұр.
Форумда
талқыға салынған тағы бір тақырып -Транзиттік инфрақұрылымды дамыту. Шара
қатысушыларының ортақ пікірі Қазақстан – Транскаспий бағытының Еуропа мен
Азияны біріктіріп отырған негізгі торап дегенге саяды. Соның арқасында жүк
тасымалдауға кететін уақыт екі есе қысқарып отыр.
Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі, Еуропа Одағының жанындағы
және Солтүстік Атлант шарты ұйымындағы ҚР өкілдігінің
басшысы:
- Орталық дәліздің құндылығы жыл сайын еселеп артып келеді. Ондағы жүк
тасымалдау көлемі біршама көбейді. Егер 2020 жылы бұл бағытпен 860 мың тонна
жүк тасымалданса, былтыр 4,5 млн тонна болды. Биыл 5,2 млн тоннаға дейін
арттырамыз деген үміт бар. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға
жеткізу межеленген.
Энергетика мен логистиканы дамыту
Қазақстан үшін инвестицияларға ғана емес, озық технологияларға да жол ашады.
Бұл еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық хаб ретіндегі рөлін
нығайта түспек.

