Қазақстанда медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар. еліміз медицина мамандығының мәртебесі мен беделін арттыруға ниетті.
Парламенттің Жоғарғы палатасында денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы екі оқылымда қаралды. Депутаттар құжаттың негізгі жаңалықтарымен келіссе де, оның кейбір баптарын қайта пысықтау үшін Мәжіліске қайтарды.
Атап айтқанда, сенаторлар вейптерді жарнамалауға тыйым салуды ұсынды. Сондай-ақ, оларды саудалағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастады. Себебі бұл норма еліміздің Қылмыстық кодексінде қарастырылғанын атап өтті. Аталған заң жобасын қатысушыларға депутат Айнұр Арғынбекова таныстырды. Оның айтуынша, құжатқа енгізілген түзетулер медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін ізгілендіруге бағытталған.
Негізгі заңнамалық жаңалық бұл – медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру моделін енгізу. Ол пациенттердің шағымдарын сол жерде – медициналық мекеменің немесе ұйымның өзінде реттеу үшін тәуелсіз комиссияның қарауын көздейді.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
– Бейінді мамандар кәсіби медициналық қауымдастықтардың, сақтандыру компанияларының өкілдері, пациенттің өкілдері, бұдан басқа кәсіби медиаторлар тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелері болып табылады. Аталған тәуелсіз миссияға осы медициналық ұйымның қызметкерлері кірмейді, сонымен қатар, егер пациент және оның туыстарын шағымның қорытынды жауабы қанағаттандырмаса, олар медициналық-фармацевтикалық бақылау комитетіне құқық қорғау органдарына немесе сот органдарына жүгіне алады.