Қазақстан тұрғын үйлерден көмірсутек ізін азайтуға ниетті. Бұл үшін еліміз
халықаралық агенттіктермен ынтымақтастықты арттырып келеді. Серіктестер
арасында - DENA Германия энергетикалық агенттігі бар. Оның мамандары жүргізген
зерттеу жұмыстары республиканың тұрғын үй секторында энергия тиімділігін
арттырудың жоғары әлеуеті бар екенін көрсеткен. Оған заманауи технологиялар мен
жылу оқшаулағыш материалдар арқылы қол жеткізуге болады. Бұл туралы Астанада
энергия үнемдеу жөніндегі халықаралық форумда айтылды. Сарапшылар соңғы он
жылда Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 25% төмендегенін, ал энергия
үнемдейтін технологияларға отандық кәсіпорындар шамамен 500 млрд теңге
инвестиция салғанын атап өтті. Мақсат тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың
энергия тиімділігін арттыру.
Елдос Абақанов,
Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының басқарма төрағасы:
- Энергия тұтынудың
шамамен 47% ғимараттарға тиесілі. Біз осы форумның аясында бұған қатысты 2
сессия ұйымдастырдық. Онда халықаралық сарапшылар тәжірибе алмасты. Оның ішінде
Германия мамандары да бар. Олар өз елдерінде ескі тұрғын үй қорын жаңғырту
бағдарламасын іске асырды. Енді олар бізбен осындай ғимараттардың энергетикалық
тиімділікті арттыру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісе алады.
Елена Мецкер, DENA неміс
энергетикалық агенттігінің Орталық Азия, Түркия, Оңтүстік Кавказ жобаларының
жетекшісі:
- Қазақстан
Республикасының Құрылыс министрлігімен өзара ынтымақтастық аясында біз бірнеше
жыл бұрын энергия тиімділігінің арнайы жоспарын әзірледік. Ол құжат 5 түрлі
сектор бойынша 100-ден астам нақты энергия тиімділігі шараларын қамтиды. Оның
аясында жүзеге асырылатын жобалар белгілі бір уақытқа бөлінген және мемлекет
тарапынан қолдау тетіктерін қарастырады. Біздің тәжірибемізге сай тек осындай
кешенді тәсіл ғана энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ете алады.
Сарапшылардың пайымынша, энергия үнемдеу мәдениетін дамыту және осы бағытта
озық шешімдерді енгізу Қазақстан экономикасының тұрақты өсуінің негізгі
факторларының бірі болмақ.

