Қазақстанның минералдық-шикізат кешені тәуелсіздік жылдарында әлемнің нарықтағы талаптарына толық бейімделді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев хабарлады. Оның айтуынша, соңғы 30 жылда мыңнан астам кен орны жер қойнауына пайдалануға берілген. Бүгінде олардың әрқайсысы мемлекетке табыс әкеліп қана қоймай, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын атап өткен жөн. Республикада мұндай объектілердің саны 1,5 мыңнан асады. Спикердің айтуынша, бұл дерек ең алдымен, Қазақстанға қомақты қаржы салымының келуіне себепші болады. Мәселен, соңғы 25 жылда елімізге шамамен 73 трлн теңге тартылды. Олардың 70% жуығы мұнай-газ секторын дамытуға бағытталды. Қалған бөлігі тау-кен металлургия саласына тиесілі. Серікқали Брекешев инвестиция үшін басым бағыттар және болашаққа жоспар туралы да айтып берді.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Басқа да пайдалы қазбалар – вольфрам, молибден, алюминий, қалайы, сондай-ақ сирек кездесетін жерлер бойынша жаңа кен орындарын ашу жоспарда бар. Саланы одан әрі дамыту бағытын айқындау мақсатында геология саласын дамыту тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал тұжырымдама «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасы аясында іске асырылады. Жұмыстар геологиялық барлау жұмыстарының кейінгі кезеңдерін жүргізу және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін Қазақстан аумағындағы келешегі бар жерлерді бағалай отырып, геологиялық қамту карталарын жасауға мүмкіндік береді.