Қазақстан экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетіп
отыр. Биылдың 9 айында елдің ЖІӨ 6,3% өсті. Нақты секторда оның деңгейі 8%, ал
қызмет көрсету саласында 5% асты. Әдеттегідей өнеркәсіп, сауда және көлік
салалары экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Дәл осы секторлар
жалпы өсімнің 70% астамын қамтамасыз еткен.
Бұндай тың деректер Үкіметте келтірілді. Инвестицияларда, құрылыста және сыртқы
саудада да оң серпін байқалады. Мәселен, қаңтар-тамыз айларында сыртқы сауда
айналымы 90 млрд доллардан асып жығылған. Оның 50 млрд астамы экспортқа
тиесілі. Бұл ретте шикізаттық емес жеткізілімдердің үлесі өсуде. Қайта өңдеу
бағыты кеңейіп, өңірлердің кәсіпкерлік базасы нығаюда. Министрлер кабинетінің
атап өтуінше, қосымша құны жоғары өндірістерді дамыту, отандық компанияларды
қолдау және жаңа өнеркәсіптік жобаларға инвестициялар тарту басымдыққа ие.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңдеу
өнеркәсібіндегі ахуал басты назарда
болуға тиіс. Жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық
резервтерді пайдалану қажет. Қабылданып жатқан шараларды іске асыру және сол арқылы экономикалық өсу
көрсеткіштеріне қол жеткізу жергілікті
жерлерде қамтамасыз етіледі. Сондықтан әкімдер тарапынан барлық саладағы жағдайдың тікелей бақылауға
алынуы – аса маңызды мәселе. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша 11 өңірде
оң динамика қалыптасты.

