Қазақстан мен Қытай жалпы құны 25 млрд доллар болатын 60 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Қытай жалпы құны 25 млрд доллар болатын 60 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Қытай жалпы құны 25 млрд доллардың 60-қа жуық құжатқа қол қойды. Тараптар бұл келісімдерге «Орталық Азия - Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі II форум барысында қол жеткізді. Астанада жасалған жаңа уағдаластықтар энергетика, минералдық ресурстарды өңдеу, машина жасау, логистика мен агроөнеркәсіптік кешен және цифрлық технологиялар сынды экономиканың негізгі салаларын толық қамтыды. Атап айтқанда, Қазақстан мен аспан асты елі «жасыл» сутек бойынша бірлескен өндірісті жолға қоюға келісті.

Мадияр Сұлтанбек, «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

- Қытайлық Seraphim компаниясымен қолға алынған жасыл сутек өндірісін дамытуға бағытталған жоба ірі бастамалардың бірі. Бұл бағыт әлемде аса өзекті. Бүгіннің өзінде сутегі энергетикасы келешегі зор екенін танытуда. Мәселен, сутегімен жүретін авиация және өзге де көлік құралдары электрокарлармен салыстырғанда бірқатар көрсеткіштер бойынша  үздік нәтижелерге ие. Қазіргі таңда еліміздің Жамбыл өңірінде жүгерінің терең өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жоба құны 850 млн доларды құрайды. Дәл сондай бастама Ақмола аймағында да қолға алынады. Облыс әкімдігі мен қытайлық компания жаңа өндіріс ошағын салу бойынша келісімге қол қойды.

Бүгінде Орталық Азия елдерінің экономикасына салынған қытайлық капитал көлемі 40 млрд долларға жетті. Қазіргі таңда тек Қазақстанда ғана аспан асты елі инвесторларымен ортақ құны 66 жарым млрд долларға бағаланған 224 жоба іске асырылуда. Тараптар енді инвестицияларды өзара қорғау туралы екіжақты келісімді жаңартуға келісті.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Біз әр инвесторға жеке қолдау көрсетеміз. Жобаларын жүзеге асыруға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Олар салықтардан, кедендік баждардан босатуды және гранттар бөлуді, сондай-ақ инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді қамтиды. Инвесторларға ресурстар және экспорттық қолдауға кедергісіз қолжеткізуін қамтамасыз етеміз. Қытайлық серіктестерді Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде бизнесті дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?