Биылғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетті. Ал оны экспорттау 67,6 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев саланың дамуы жайында баяндады. Оның айтуынша, отандық «қара алтын» өндірісін одан әрі ұлғайтудың әлеуеті зор. Министрдің дерегінше, 2030 жылға қарай оның көлемін 104,2 млн тоннаға дейін жеткізу межеленген. Кешенді жоспарға сәйкес, Қарашығанақ кен орнының өндірістік деңгейі ұзартылады. Бұл бағыттағы тағы бір жоба арқылы Теңіз кенішінің қуатын 12 млн тоннаға арттыру көзделген. Осы сынды өзге де аса ірі бастамалар қолға алынбақ.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Келесі жоспар – Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу. Аталған өнеркәсіп жылына 3 млрд текше метр тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді 16-дан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Каспий теңізіндегі Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игеру жобасы бойынша жұмыстар басталды. Бұл кен орындарында 2028 жылдан бастап жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов