Қазақстан China International Import Expo көрмесіне қатысты

Қазақстан China International Import Expo көрмесіне қатысты

Электрондық және қаржылық қызметтер, трансшекаралық сауданы дамыту, қолайлы инвестклимат құру сынды Қазақстанның түрлі салалардағы тың жетістіктерін отандық делегация Шанхайда өткен VII Қытай халықаралық импорт көрмесінде таныстырды. Оның ашылуына еліміздің үкімет басшысы Олжас Бектенов, сондай-ақ оның Қытай, Малайзия, Өзбекстан, Моңғолия мен сербиялық әріптестері қатысты. Аталған көрмеде Қазақстан 2 бірдей павильон ұсынды. «Жаңа дәуір, ортақ болашақ» атты ұлттық павильонында отандық әзірлеушілердің стартаптары көрсетілді. Ал, коммерциалық алаңда 50-ге жуық қазақстандық өндіруші өнімдерін онлайн сатты. Электронды сауданың тек алғашқы сағаттарының өзінде жергілікті кәсіпкерлер 22 мың доллар пайда тапты. Айта кету керек биыл павильон екі есеге ұлғайған. Бұл жолы оның аумағы 260 шаршы метрді құрады. Жыл сайын халықаралық көрмеге шамамен 300 мыңнан астам қытайлық сатып алушы қатысады.  

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Қытайдың дәстүрлі халықаралық көрмесі біз үшін бірегей тұғырнама. Бұндай ауқымды шараның алаыңда біздің өндірушілеріміз өз әлеуетін толық ашатынына, өнімін кеңінен таныстырып, қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Біз 50-ден астам қазақстандық компанияны әкелдік. Олар май, сусындар, бал, ет өнімдері және тоқыма бұйымдары сынды өздері өндірген түрлі тауарларды ұсынды.

Жеңіс Ермұқанов