Астанада сирек металдарды зерттейтін аймақтық орталық құрылады

Астанада сирек металдарды зерттейтін аймақтық орталық құрылады

Қазақстанда сирек металдарды зерттейтін аймақтық орталық құрылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда өткен самитте осындай ұсыныс жасады. Оның іске асуы жалпы Орталық Азия өңірі геология саласының әлеуетін арттыруға тың серпін береді. Бұл ретте жақында ғана Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесінде сирек металдардың ауқымды кен орны ашылғанын айта кету керек. Ғалымдардың болжамынша, оның қорында шамамен 20 миллион тоннадан астам қазба байлығы бар. Сарапшылар бұл бүгінге дейін жер қойнауынан табылған сирек металдар қоры бойынша әлемдегі ең ірі кеніш болады деп отыр.


Нұрлан Мауқұлов, Орталық Қазақстан Өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің басшысы:

- Қазақстанда дәл осы сирек металдар шоғырланған кеніш бұған дейін табылмаған. Бұл баламасы жоқ жаңа өндірістік ошақ деп айтуға болады. Яғни, бірегей кен орнын игеру өңірдің, жалпы еліміздің дамуына үлкен ықпалы болады деп күтілуде. Кенді байыту технологиясын әзірлеп, бұл жерден бағалы компоненттер алсақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы еселене түседі.

Айта кетейік, Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі бізде өндіріледі. Кәрі құрлық нарығына Қазақстаннан уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам сынды элементтер жіберіледі. Қазіргі таңда мемлекеттік теңгерімде сирек кездесетін металдардың 100-ден астам кен орны бар. Озық тәжірибелер жаппай ендіріліп жатқан  отандық тау-кен өндірісінің даму қарқыны жақсы. Тек 2018-2023 жылдар аралығында салаға 1 млрд  долларға жуық жеке және шетелдік инвестиция тартылды.

Марғұлан Байбатыров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министірлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары:

- Елімізде жер қойнауын пайдалану саласы белсенді дамып келеді. Бүгінге дейін Қазақстанның жер қойнауын барлау жұмыстарына 3 мыңға жуық лицензия бердік. Сәйкесінше, бұл саланың білікті мамандарға деген сұранысы артып келеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?