Қызметкерлерді іріктеудің халықаралық жүйесі ұйымға мүше мемлекеттердің алғашқы бірлескен цифрлық жобасы. Бүгінде бірыңғай платформада бес мемлекеттің ұлттық еңбек биржаларынан 2 млн-нан астам түйіндеме мен 500 мың бос жұмыс орны орналастырылған.
Гегам Варданян, ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі:
– Бұл – комиссия мен одақ елдерінің уәкілетті органдары, операторлары арасындағы белсенді, тығыз ынтымақтастықтың сәтті нәтижесі. Бұл бірлесіп орындалған өте күрделі жұмыс болды. Нәтижесінде, барлық елдердің азаматтарына пайдасы тиетін жоба болатынына сенеміз. Бұл қызметті пайдалана алу үшін, кімдер қолдана алатынын түсіндіре кетейін. Шекарасыз жұмыс жобасына 5 елдің жүйесі қатыса алады. Маңызды жайт. Мысалы, егер сіз Арменияны алсаңыз, мұнда «горд» қызметкерлерді іріктеу бойынша жұмыс іздеу ақпараттық жүйесіне тап боласыз. Беларусь Республикасы тарапынан бұл жұмыспен қамту мемлекеттік қызметінің ақпараттық порталы. Ал Қазақстан тарапынан «Жұмыс» ақпараттық порталы.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық еңбек биржаларының интеграциясы өткен жылдан бері жүргізіліп келеді. Бос жұмыс орындарының тізімі әртүрлі. Біліктілікті аса қажет етпейтін мамандықтардан бастап, түрлі компанияларға, менеджерлерге дейін.
Айта кетейік, ЕАЭО елдерінің бірінде жұмыс істеу үшін азаматтар жұмыс берушімен шарт жасасуы қажет.
Николай Брюханов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек ресурстарын дамыту орталығы департаментінің директоры:
- Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттері үшін қосымша рұқсат талап етілмейді. Бұл елдердің азаматтары жұмысқа орналасу барысында тең құқықтарға ие. Ең бастысы жұмыс берушімен еңбек шартын жасасу керек. Онда қызметкер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Әрине еңбек шарты, жұмыс орны орналасқан елдің еңбек заңнамасына сәйкес жасалады.
Биыл Қазақстанда 30 мыңға жуық шетелдік азамат жұмыс істей алатынын атап өткен жөн. Ішкі нарықты қорғау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға басқа мемлекеттерден мамандар тартуға арнайы квота белгілейді. Министрліктің мәліметінше, бүгінде елімізде 15 мыңнан астам еңбек мигранты жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі Қытайдан келген. Сондай-ақ Қазақстан аумағында
Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Ұлыбритания азаматтары да нан табуда.
Авторы: Ақзер Сегізбай