Өткен жылдың өзінде елде 77,5 мыңнан астам көлік шығарылды. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе көп. Мамандар елімізде жеңіл автокөліктердің ғана емес, автобустар мен арнайы техниканың да белсенді шығатынын айтады. Отандық автоөнеркәсіптің өндіріс көлемінің өсуімен қатар, оның экспорттық әлеуеті де артып келе жатқанын атап өткен жөн. «Made in Kazakhstan» атауымен шығарылған автокөліктер таяу шетелдерде үлкен сұранысқа ие.
Ербол Сейпілов, Қазақстан Автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры:
- 2020 жылы ТМД елдеріне, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусьқа 8 мыңнан астам автокөлік экспортталды. Мұндай көрсеткіш мемлекеттер арасындағы дұрыс саяси қарым-қатынастың, Сыртқы істер министрлігінің, зауыттардың өздері басқа өндірушілермен, басқа дилерлермен, өзге елдердегі дистрибьюторлармен ынтымақтастығы дұрыстығының арқасында болып отыр.
Мамандардың есебінше, қазақстандық автокөліктерді шетелге жеткізу көлемі жыл сайын артады. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, мемлекеттің аталмыш саланы қолдауы және автоөндірістің ұлғаюы. Осы жылдың соңына дейін республикада 100 мыңға жуық автокөлік шығару жоспарланып отыр. Бұған қоса Қазақстан жаңа нарықтарды игеруді жалғастыруға ниетті.
Ербол Сейпілов, Қазақстан Автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры:
- 2020 жылы автокөлік өндіру саласында өте жақсы нәтижелер көрсетілді. Жалпы алғанда былтыр ресми дилерлер 93 мың көлік сатты. Егер жаңа 3 автокөлік сатылса, олардың екеуі міндетті түрде отандық өнім. Сондай-ақ жаңа өндірістерді іске қосу бойынша маңызды оқиғалар болды. Жаңа өндіріс орындары алғаш рет Қостанай қаласында, одан кейін Алматыда, кейін Қарағанды облысында автобустар құрастыратын жаңа зауыт іске қосылды. Сонымен қатар Саран қаласында шина өндіретін зауыт іске қосылды.
Сарапшылар шетелдік инвестициялардың қаражаты жаңа автокөлік зауыттарын ашуға, өнім желісін кеңейтуге көмектеседі деген пікірде. Бүгінде көрші мемлекеттер, сондай-ақ Азия елдері, оның ішінде Қытай мен Оңтүстік Корея Республиканың автоөнеркәсібіне белсенді түрде инвестиция құюда.
Авторы: Ақзер Сегізбай