Қазақстандық экспорттаушылардың сыртқы нарыққа шығуын демеу үшін 3,7 млрд теңге бөлінді. Еліміздің Сауда және интеграция министрлігі бұл қаржыны отандық тауар өндірушілердің төл өнімдерін импорттаушыға дейін жеткізу шығынының бір бөлігін жабуға бағыттайтын болады.
«Қолға алынған шара сұраныстың бар екенін танытты», – дейді салалық ведомства. Бұл орайдағы енді бір жаңашылдық «Бірыңғай цифрлық терезе» жүйесі кәсіпкер мен мемлекет арасындағы әкімшілік үрдістерді оңтайландыру және іскерлік белсенділікті арттыруға сеп болмақ.
Қазақстандық бизнес қауымдастықты қолдау тетіктерінің бірі – сауда-экономикалық миссиялар мен көрмелер. Өткен жылы пандемия салдарынан көптеген шара кейінге шегерілген болатын. Биыл жағдай оңалып, Орталық Азия аумағы мен Ресейде бес халықаралық жиын өткен. Кездесулерге 160-тан астам кәсіпорын қатысты. Нәтижесінде түрлі бағытта жалпы құны 160 млн-нан астам долларды құраған экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Жыл соңына дейін осы текті тағы бірнеше кездесу ұйымдастыру көзделген. Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету үшін қолға алынған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов