Судыңда сұрауы бар. Ол сарқылмайтын байлық емес. Ел Үкіметінің кезекті отырысында тіршілік көзін ысырап етпеудің тиімді жолдары қарастырылды. Премьер-Министр табиғи қорды ұтымды пайдалану үшін арнайы бағдарлама құрылғанын жеткізді.
АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
- Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Құжат су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың, су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды есепке алу мен бөлуді цифрландыруды көздейді. Аталған іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда су тұтынудың 65% ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан құжатта су тапшылығын болдырмау қамындағы кешенді шараларды алдымен сұранысы аз, ылғал сүйгіш дәнді-ақылдардың егіс алқаптарын қысқартудан бастау көзделген.
МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
- Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін немесе 2,2 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ұзындығы 6 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 текше шақырым су үнемделеді. Осы қажеттіліктерге алдағы бес жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалатын болады.
Экология министрі осы мақсатта алдағы10 жыл ішінде 3,6 текше шақырым көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынатынын айтты. Ол 70 елді мекен тұрғындары үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов