Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 21 алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 21 алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында жалпы командалық есепте топ жарды. Астанада байрақты додада қоржынға 50 медаль түсті. Оның 21-і алтын, 12 күміс, өзгесі қола алқа. Қатысушылар  штанганы серпе және жұлқа көтеруден өзара мықтыны анықтады. Қазақстандық спортшылар бірқатар азиялық және әлемдік рекордты жаңарты. Отандасымыз Едіге Емберді қос сайыс нәтижесі бойынша үздік нәтижеге қол жеткізді.

Едіге Емберді, Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы, /Қазақстан/:

- Мен 2022 жылғы чемпионатқа да қатыстым. Ол Ташкентте өтті, Онда мен 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Бұл ескі санат еді. Мен ол жақта да серпе және жұлқа көтеруден қоссайыс бойынша әлемдік рекорд орнаттым. Ал бұл жолы Азияның үздік нәтижесін көрсете алдым.

Қазақстан соңғы 12 жыл ішінде алғаш рет беделді құрлықтық жарысты ұйымдастырды. Бір алаңда Азияның 25 елінен келген 14-20 жас аралығындағы 300-ден астам атлет бағы мен бабын сынап, чемпиондықты сарапқа салды. Ұлттық құрама турнир қожайыны ретінде ел намысын абройлы қорғады.

Мұхаммед Юсуф әл-Мана, Азия ауыр атлетика федерациясының президенті:

- Қазақстанда өте әсерлі тартыстардың куәгері болдық. Алаң иелері алғаш рет бұндай жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстанның Ұлттық құрамасы алдағы Олимпиада ойындарында да көп алтын еншілеп, жеңіс тұғырының биігінен көрінуіне тілектеспін.

Мұхаммед Джалуд әл-Шаммари, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті:

- Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғыс айтқым келеді. Осы турнирге қатысқан қазақстандық спортшылар 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатыса алады деп үміттенемін. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?