Қазақстан Ауғанстанның АӨК дамытуға үлес қосуда

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы «Ауғанстанда бидай өсіруді дамыту» жобасын іске қосты. Бұл бастама Қазақстан және Түркия елдерінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бағдарлама былтыр жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Герат провинциясына көмектесуге бағытталған. Оның аясында 300 ауған шарусына астық егуге қажетті жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ұзақ уақыт қуаңшылық шалған өңірге 15 тонна жоғары сұрыпты бидай тұқымы мен сол көлемде тыңайтқыш және 30 тонна карбамид жеткізілді.

Бұдан бөлек қос-қостан трактор, комбайн, астық бастырғыш, тіркеме және 4 бірдей соқа сынды ауылшаруашылық техникалары қоса берілді. Ауғандық аграрилерді қолдау шаралары мұнымен шектелмейді. Игі жоба аясында ауыл шаруашылығының озық үлгідегі әдістерін қолдану бойынша оқыту бағдарламаларын қамтиды.

Хусрав Нозири, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы бас директорының орынбасары:

– Біз ауған шаруаларына терең өңделген тұқымды дұрыс егу жолдарын үйретеміз. Тыңайтқыштар мен ауылшаруашылығы техникаларын  тиімді қолдану әдістерін оқытамыз. Біз осы арқылы ауған фермерлеріне одан әрі қарай өздері ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде бидайдың өнімділігі мен шығымын арттыра алатындай жағдай жасағымыз келеді. Сонымен қатар тағы бір аса маңызды шаруа ол орақ науқанында шығынның көлемін азайтуға септесеміз.