Қазақстан Парламенті алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджетті қабылдады. Заң жобасы Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді. Үкімет резервін қайта бөлу есебінен республикалық бюджет шығыстары 86 млрд теңгеге ұлғайды. Әлеуметтік салаға 3 есе көп қаражат жұмсау жоспарланып отыр. Жалпы бұл салаға алдағы үш жылда 26 трлн 700 млрд теңге жұмсалады. Мәжіліс отырысында депутаттардың айтуынша, бұл көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді. Оның ішінде әлеуметтік төлемдерді индекстеу, мұғалімдердің, дәрігерлердің, бюджет және басқа да санаттағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға жұмсалады. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылысы да жоспарланған. Мәжілісте әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бойынша мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы күтілетіні айтылды. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсер етеді. Болжам бойынша 2022 жылы шамамен 4% өседі.
Авторы: Ақзер Сегізбай